Әлшекей Бектібайұлы

Дәулескер күйші 1847 жылы Қаратау өңіріндегі «Бектібай сазы» ауылында дүниеге келген. Түп-тегі Қоңырат тайпасының ішіндегі Киікші руынан тараған Әлшекейдің атасы Сиқымбай өз заманында елге сыйлы кісі болған. Елдің айтуынша, әкесі Бектібай да сөзі өткір, адал сөйлеп жұртқа жаққан адам болыпты. Әлшекейдің нағашы атасы Қаратау мен Сыр елі, Созақ пен Түркістанға белгілі қобызшы. Рүстем атасы Әлшекейді жастайынан сыбызғы мен қобызға баулиды. Алайда, жас баланың ықыласы домбыраға ауады. Әлшекей бала кезден ерекше зеректігімен ел назарын аударады. Бірде Әлшекей елге Тәттімбет пен Аққыз күйлерін нақышына келтіре орындап жүрген Бөпе күйшіні арнайы іздеп, Шиелі базарына барады. Көпшілікті баурап алған Бөпе күйші күйлерді бірінен соң бірін тартады. Бір кезде Әлшекейдің күйдің қағысы мен тарихына зейін қойып, тыңдап отырғанын көрген Бөпе күйші оған ерекше разы болады. Осыдан соң Бөпе күй кезегін Әлшекейге ұсынады. Әлшекей жаңа ғана Бөпе күйшінің тартқан күйлерін қайта өзіне тартып беріп, елді таң-тамаша қалдырады. Сонда қарт күйші жас жігітке ақ батасын беріп тұрып: «Бақ тауып та қонады, ауып та қонады деген — осы. Бақ менен ауып, мына саған қонғалы тұр екен. Осы жасқа келгенше Қыр мен Сырды аралап жүріп, сен сияқты дарынды жасты бірінші кездестіруім»,- деп ақыл-кеңесін айтып, ақ жол тілейді.

 

Әлшекей мұрасын зерттеп жүрген, журналист Балтабай Нұржановтың деректеріне сүйенсек, Әлшекей кәмпескелеу жылдары «байдың тұқымы, бидің ұрпағы» деген желеумен колхоз мүшелігіне қабылданбайды. Содан күйші күнкөрістің қамымен бүркіт салып, тазы аулап аңшылықпен айналысып жүріп, бір түнде Тәжікстанның Қорғантөбе ауданындағы Жуан қыстағына 9 баласымен бірге көшіп кетеді. Балаларының барлығы әке жолын қумаған, тек екінші әйелінен туылған Дәнебекке домбырашылық өнер қонған деседі. Бірде Әлшекей күйші мұрасын жалғастыратын баласына: «Дәнежан, ұғып ал, үйреніп ал. Бұл домбыра қазірден бастап сенікі. Бұны жидеден өзім жасаған едім, туған жердің көзі ғой, бұдан былай сен тартасың. Қадір тұтып, қастерлеп ұста, құлыным» деп домбырасын баласына ұсынады. Осыдан кейін Дәнебек әке күйлерін үйреніп, насихаттаушылардың бірі болады. Дәнебектен кейін оның баласы Жидебей ата жолын жалғастыруды қолға алады. Жидебей ақсақал бертін келе 2003 жылы өмірден өтеді. Ал қазірде Әлшекей күйлерінің елге жеткізуші, насихаттаушы ретінде күйшінің жиен немересі Тынысбек Дүйсебеков еңбек етуде.

Әлшекей Бектібайұлының 100-ге тарта күйі бар. Алайда оның барлығы сақталмаған. Ол күйлердің елге жетуіне Өткелбаев Ибаш, Нұрманов Жаманқұл деген домбырашылар елеулі үлес қосты. Бүгінде күйшінің «Тоқырау», «Нарсоққан», «Егес», «Терісқақпай», «Толқын», «Аққу кеткен», «Тепеңкөк», «Қара жорға», «Адасқан қаз», «Айрауықтың ащысы», «Айшамен 6 тартыс», «Төтемен тартыс», «Егілген», «Бәйге», «Тай қуу», «Отарба» сияқты күйлері көпшілікке кеңінен таныс. Қаратау елін мекендеген Әлшекей домбыра тартудың ерекше түрі башпаймен тартқанын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Тіпті оған Бөпе күйші өз таңданысымен: «Әлшекейдің башпаймен тартқанын қайталасам, екі дүниеде де арманым болмас еді» деп көзіне жас алыпты.

Атағы Сыр мен қырды жайлаған дүлдүл күйші 1932 жылы 85 жасында дүниеден өткен. Күмбірлеген күйлерімен дүйім жұртты дүр сілкіндірген Әлшекей мұраларын әлі де насихаттау қажет. Сонда еліміздің жауһар мұралары толыға түспек.

 

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *