Құрбан Ата кім болған?

 Ел  — тарихсыз  болмайды!

Су — балықсыз  болмайды!

Судан  балық  кетсе,  бақа  билейді?!

Елден  тарих  кетсе, әркім  билейді!   

                                 (Әмір Темір  Көреген)

     Киелі Ұлы Даланы ен жайлап, бүкіл ғаламға аттары шығып Жалпақтұмсыққа (Евразияның ескі атауы) 18 рет билік жүргізген Тұран Елінің (Алаш халқының) ежелгі және орта ғасырларда билік құрған Ұлы Қаһандары мен Ұлы Хандарының Ордаларының жанында, мемлекет басқаруда ерекше орны болған «Тектілер» отырған. Бұл азаматтар ерекше көріпкелдік қасиеттерімен қатар, аса ілімді болған, табиғат пен қоршаған ортаның құпия сырларын, Ел басқару мен соғыс жүргізу стратегиясын өте жетік білген. Елдің ертеңі мен болашағын болжай білген ерекше қасиетті бұл азаматтар еш уақытта байлыққа, билікке, дүниеге, сұлуларға қызықпаған. «Бар қасиетім халқымның жолына шашылсын!» — бар ғұмырларын  мемлекет істеріне арнаған…

Тарихымызда аты қалған ондай азаматтардың  ең ежелгілері Бес Әулие: Әулие Ата, Дулығалы Ата, Ұзын Ата, Жылаған Ата, Қоңыр Аталар. Ал кейінгі дәуірлерде, өз замандарындағы «Тектілер Ордасында: Қорқыт Баба, Мизам Баба әулие, Айырқалпақ Айдаһар Би, Қошқар Ата, Түкті Баба Шашты Әзиз, Жекен Шайқы әулие, Төрт Құлақ әулие, Құйма құлақ құмай шешен Жүсіп Баласағұни, Жиренше шешен, Асан Қайғы, Қаған Би, Қабан Би, Құрбан Ата әулие, Алғи «Шар Дара» Би, Ескендір Мұңшы, Маруан Ақыра Малдас Би, Қосапайұлы  Дербісалды Абыл, Дербісалдыұлы Қанай Датқа, Жасболұлы Шалқы Билер болған. Бұлар барлық дәуірлерде  Бұрхан Қалдан (Ұлытауда) тауындағы құпия Ордаларда отырған. Бұл Ордалардың мықты құпия күзеттері болған. «Тектілер» сол дәуірлерде қазіргі замандардағы мемлекеттердің ең жоғарғы билігі жанындағы «Стратегиялық институттардың» қызметтерін атқарған. Мыңдаған жылдар бойғы келе жатқан «Тектілердің» мемлекет басқарудағы ықпалын жойып, мүлдем әлсіретуді ойлаған Есім Хан болды. Бірақ мұның соңы өкінішпен аяқталған. Арқада оның басы шабылады. Міне осы уақиғалардан кейін Тұран Елінің әлсіреп, ыдырауы басталады…

Хақназар Ханның кезінде «Тектілер» Ордасында Ұлытауда отырған Құрбан Ата өзінің Елге сіңірген еңбектері мен ерекше көріпкелдік қасиеттерінің арқасында кейін: «Құрбан Ата әулие» — деп атанып кетеді. Мәйіті Созақта Хақназар Ханның қасына, Қарабура әулиенің кесенесінің ішіне қойылыпты. Өткен 20 ғасырдың 90 – шы жылдардың басында Құрбан Атадан тараған аға ұрпақ өкілдері кейінгі жас ұрпақтарымызға зиярат жасауға ыңғайлы болсын, әрі оны жыл сайын еске алып тұрсын деп, Созақтағы Ұлы Бабаның қабырынан топырағын алып келіп, Арыстанбаб әулиенің кесенесінің қарсы бетіне жерлеп, үстіне кесене салдырып, үлкен ас берді. Алла олардан разы болсын!

Құрбан  Ата  мен  оның  қорғаушысы «Дәуіт Беке» туралы сөз.

«Өсек» — өлмес  қиқым  құрт.

«Аңыз» — айырылмас  қою  жұрт.

ӨсиетАқиқат  мәңгі  түп!

Сөйлей  білсең  ажыратып,

Тепсең  кетпес  Бақ  қонар!

Төксең  таусылмас — Несібе  құт!

Періштелер  сыбырлап,

Алланың  Нұрына  малынсаң,

Үшеуі орнын  таппай  ма?

Ілім, Имандық, Әділдік!

(Әлиасқар Байғұтұлы)

Құрбан Ата баладай пәк көңілді, адалдықты, тазалықты, «мейірім  мен  шапағатты» ту  етіп  ұстаған, Алты Алашқа аты тараған көріпкел, аузы дуалы айтқаны келетін, ренжіп біреуді қарғаса қағып түсетін, әрі көріпкел әулие екен. Бұл  әулие тым  сенгіш, ешкімнен жамандық  күтпейтін ерекше қасиетті  азамат  болыпты. Қазақтың Тектілері Ұлытауда бұл әулиені қастарында жақын ұстап, ақыл-кеңестерін тыңдап, жаугершілік-аласапыран  замандарда бұл әулиенің жанына оны  күзетіп  жүретін  атқосшылар мен қорғаушылар  ұстайды.

Сол тұста 12 Ата Байұлы елінде Адай  руының белді бір азаматының отбасында алып бала дүниеге келеді. Ұлы Бабаларының атымен балаға азан шақырып Дәуіт Беке – деп ат қояды.

Дәуіт Беке туылғанынан  ірі сүйекті болып өседі, бірақ 5 жасқа келгенше тілі шықпайды. Дәуіт Беке 5 жасқа келгенде сол құлағы «тырнауық» — деген аурумен қатты ауырады. Бала  үш күн қоймай жылағаннан  соң  тілі  шығып, сол құлағын ұстап: «Құлағыма шыбын кіріп кетті» — деп, қоймай жылай береді. Сол маңайдағы елдің ішіндегі емшілердің істемеген ем-домы қалмайды. Осы уақыттарда сол ауылға дәм-тұз айдап Құрбан Ата әулие барып қалады. Түскен үйіне жайласып отырған әулие еңіреп жылаған адамның дауысын есітіп:

Бұл не қылған адам өзі, неге соншама өкіріп жылайды? — деп, өзін қоршаған ауыл  адамдарынан  сұрайды. Сонда  ауыл  адамдары:

Бұл бір 5 жасар алып бала. 3 күннен асты, «құлағыма шыбын кіріп кетті»деп  жылағанын қоймайды. Қаншама ем-дом қолдандық, тамызбаған нәрсеміз жоқ, бет-аузы қаптай болып ісіп кетті. Бала өте үлкен болғасын ба, даусы да үлкен адамдікендей – дейді. Мұны естіген Құрбан Ата баланы қатты аяп:

Мені апарыңдаршы көрейін! – дейді. Құрбан Ата Дәуіт Беке жатқан үйге барып, балаға:

Менің де құлағым ауырады. Сенің құлағың шыбыннан ауырса, менің құлағым әруақтардан ауырады – деп, басынан, кеудесінен, құлағынан жарты күн уқалап жылқының іш майын алдырып қымызға араластырып, ауырған құлағына тамызады. Осыдан кейін баланың даусы бәсеңдеп тыныштала бастайды. Құрбан Ата баланың оң жақ құлақ шекесінен қатты ұрады, сол кезде Дәуіт Бекенің сол құлағынан қанды ірің атып кетіп, бала  есінен танып қалады. Содан баланың екі күн есі кірмей жатады. Адайлар шу көтеріп: «Осыдан бала өліп кетсе, сені де өлтіреміз!» — деп Құрбан Атаны ешқайда жібермей қояды. Екі күннен кейін бала есін жиып, бірден сөйлеп кетеді. Адайлар кешірім сұрап, Құрбан Атаға шапан жауып, астына жақсы түйе міңгізіп, 7 күн қонақ етіп, сый-сияпатпен  шығарып салады.

     Дәуіт Беке 9 жасқа келгенде қара күшімен, тентектігімен аты шығады. Енді бұл алып баладан туыстары да, ауылдастары да әбден зәразап болады. Алып, қара күштің егесі, мінезі ақкөңіл, аңгүр-дүңгүр бұл баланың жұртқа жақсылық істеймін деген әрекеттерінің бәрі керісінше шығып отырады. Батпаққа батқан жылқы-тайларды тартып шығарамын деп, құйрығын немесе басын жұлып алады. Су әкеле жатқан қыздардың шелегін алып қолынан ұстаса, байқамай қысып қолдарын сындырады, ауыл-аймақтағы бала біткен Дәуіт Беке көрінгеннен қорқып үйлеріне кіріп сыртқа шықпай қояды. Ит екеш иттер де ауылдан қашып, безермен болады. Дәуіт Бекенің қолы тиген нәрсенің бәрі, арба болсын немесе құдық шығырлары болсын қирап қалады. Баланың туыстары әркімге құн төлеумен-ақ шаршайды. Ақырында жалғыз қалып, зеріккен бала  ауылдан қашық отырған жалғызілікті кемпірдің тулақта жүн сабап отырғанын көріп: «Апа әкел жүніңді сабап берейін» — дейді. Кемпір қуанып қос сабауын баланың қолына ұстатады. Дәуіт Беке керекке жарағанына мәз болып жүнді  сабай бастайды. Қыза келе жылқы терісінен жасалған тулақтың баланың қуатты қолдарының соққысына шыдамай жыртылып, сабаған жүндері топыраққа араласып, жердің шаңы аспанға шығады. Мынандай сұмдықты көрмеген кемпір баланы жерден алып, жерге салып, әбден қарғайды…

Дәуіт Бекенің өз ауылында 9 жасынан 15 — ке дейін істемеген тірлігі қалмайды. Бұл бала ешкімнен қорықпай өседі. Оны тек Құрбан Ата атымен және  шыбынмен  ғана  қорқытады  екен. Бала 15-ке келгенде: «Бұл басымызға сор болды?!»-деп, оны өлтірмек те болады. Сөйтіп жүргенде ауылға парсы елінен келген 40 түйелі  керуен  тоқтайды. Еш жерге симай жүрген Дәуіт Беке 40  түйенің жүгін бір өзі түсіріп тастайды. Парсылар  алыптың күшіне таң қалады. Мына жас алыпқа  қызыққан  керуенбасы ауыл ақсақалынан:

Мына баланы маған қызметке бер!— деп сұрайды. Ақсақал: — Көндіре алсаң әкете бер!-дейді, бірақ  оның мінез-құлқын  айтпайды. Керуенбасы  Дәуіт Бекеге:

Мен сені жақсылап киіндіремін, жақсы тамақ ішкіземін, жақсы сұлуға үйлендіремін, басыңа кең сарайдай үй беріп, ұжмақ орнатамын!–деп, уәдені үйіп-төгіп беріп, баланы  өздерімен бірге алып кетеді. Бүкіл ауыл қуанып: «Пәледен құтылдық  па!» —  деп, ентігін  басады. Ауыл адамдары көңілдері жайланып, мамыражай қалыпқа түсе бастап екі күн өткенде Дәуіт Беке 40 түйені жүгімен алдында салып айдап келеді. Мынаны көрген ауыл өре тұрегеледі. Сөйтсе ауылдан бір күн қашықтықта өзіне доқ көрсеткен керуеннің бір мүшесін қолы қатты тиіп кетіп, байқамай өлтіріп қояды. Содан өзіне жабыла кеткен бүкіл керуеншілердің тас-талқанын шығарып, қырып тастаған екен. Енді Адайлар жылап-еңіреп: «Бұл бізге жіберілген «дүлей» болды, бір өзі 40 адамның тамағын жейді, істегені қыяңқылық пен бүліншілік, енді қалай құтыламыз?!» — дейді. Сөйтіп ақсақалдар ақылдаса келе, амалдары таусылып, әбден сарсылған баланың туыстары 12 Ата Байұлының ақсақал-дарына барады. Ақылдаса келе олар Ұлытауға Құрбан Атаға арнайы адамдар жібертіп әулиені ауылдарына алдыртады. Құрбан Ата әулие Дәуіт Бекені алдырып тәрбиелей бастайды. Иі жұмсақ, құмырсқаға да жаны ашып жылай салатын, кемеңгер әулие мен бұл баланың мінездері үйлесім тауып, Құрбан Ата оның сауатын ашып, имандылыққа, намаз оқуға үйрете бастайды. Алты айдан кейін Құрбан Ата Дәуіт Бекені өзімен бірге Ұлытауға алып кетеді. Әулиеден жан-жақты тәрбие алған бұл алып Дәуіт Беке, өте қайырымды, үлкен азамат болып өседі. Жан-жақты сыннан өткен алып батыр Қазақ Тектілерінің ұйғарымымен  Құрбан Атаның атқосшысы, әрі қорғаушысы  болады.

Дәуіт Бекені қанша мықты жылқы малы болса да көтере алмай, бұл алып дәу қара бураға  ғана мініп жүрген. Бұл бураны екі күн мінсе, бір күн түйе тыңайғанша жетектеп жүреді екен. Дәуіт Беке екі түрлі қару ұстапты. Ұстаған қаруы айбалтаның бір түрі «Керткені» беліне байлап жүрген. Бұл айбалтаның салмағы–12 пұт тартыпты. Екінші қаруы шыбыннан ғана қорыққан батырға қорыну үшін бірнеше жылқының құйрықтарынан істелінген үлкен «шыбынұшыртқыны» Құрбан Ата жасап береді. Ашыққанда Дәуіт Беке бір тайлақтың етін бір өзі жеп қояды екен. Құрбан Ата «жеті толып, сегіз жетім жасқа келіп» дүниеден қайтқанда Дәуіт Беке 40 жасқа келеді. Құрбан Атаның асын бергеннен кейін Тектілердің, әулиенің ұрпақтарының разылығын алып Дәуіт Беке Маңқыстауға, туған жеріне қайтып келіп, үйленеді. 88 жыл өмір сүрген бұл алып, өмір бойы шашын алмаған. Бұл атақты алыптың мазараты Пір Бекет әулие жатқан Маңғыстау жерінде. Пір Бекет  дүниеден  қайтарында  өсиетімен, өзін Дәуіт Бекенің  қасына  қоюды  өтініпті.

«Тіней»-деген сөз, ежелгі Сақ тілінен аударғанда «жуылған таза»-деген ұғымды  білдірген. Ұлытауда  «Тіней» — деп аталатын киелі  тас  болған. Ал осы киелі тастың астында  суының дәмі де, қасиеті де ерекше ағып жатқан шипалы, киелі бұлақ «Көз» — деп  аталыпты. Тектілердің  өсиеті  бойынша  дүниеден  қайтқанда  осы  киелі  тасқа  апарып, сол жерде  ағып жатқан  бұлақтың  киелі  суымен  мәйітін  жуады  екен. Құрбан Ата да Арқада дүниеден  қайтарында  ұлдарына  осы  киелі тасқа  апарып жууды  өсиет  етеді.

Бұл қос азамат  туралы: «Құрбан Атаның қарғысына ұшырама! Дәуіт Бекенің  қолына түсіп, қаһарына  ұшырама!» — деген, сол замандардан  сөз  қалған.

Түсіндірме:

Сыпыра шежіреші Әлиасқар Байғұтұлы Құрбан Ата әулие туралы мол деректер қалдырыпты. Бұл әулие Қазақ Хандығының ежелгі астаналарының бірі болған Созақ шаһарында Қарабура әулиенің кесенесінің ішінде, Қазақтың Ұлы Хандарының бірі  Хақназар Ханмен қатар жерленіпті. Ал Отырар жеріндегі Арыстанбаб әулиенің қарсы бетінде орналасқан Құрбан Ата кесенесінде әулиенің мазарынан әкелінген топырағы  жерленген.

1 пұт – бұл  қазіргі  заманғы 16 килограмға  тең  ауырлық  өлшем бірлігі.          

Шамшы Шілік Данышпан ғұламаның Құрбан Ата  әулиеге  келіп сауал қоюы.

Қыпшақ Атадан тараған Ұлы Данышпан ғұлама Шамшы Шілік Қазақ Тектілерінің Ордасы Ұлытауға арнайы келіп ауырып жатқан Құрбан Ата әулиенің халін сұрап, былай  деп сауал қояды:

Оу  күн сәулесі  жарқыраған  жалған дүниеден көлеңке  дүниеге  кетіп бара  жатсың.  «Құрбан» — деген  сөз  нені  білдіреді?  Өміріңде адам  баласына пендешілік көрсеткен жерің  барма  еді? – депті. Сонда  Құрбан Ата:

Адамның  пейіліне берген  жарты  дүниенің  атын сұрап отырсың  ғой, Сен! – депті.

Бес  күн  жалғанда  жинаған адал бейнетіңнен  үш түйір дән  болса, соның  бір түйірін өткен Бабаларға ата! Бір  Алланың  қарны  аш  емес,  оған керегі  де  жоқ. Бірақ Бір Алланың атымен атап береді. Себебі  олардың  да адал бейнеті  өткен  бұл жалғанға. Құрбандық шалу  деген  осы! – депті. Одан  әрі  Шәмші Шілік:

—  Отанға кім иелік  жасайды? – деп  сұрапты. Сонда  Құрбан Ата Әулие:

Суға  батпайтын, отқа  жанбайтын, «Көк бөрідей»  Көк  Тәңіріге  ұлыйтын, көзіне  қарағанда – тексіз  құритын, Рухы берік, биік Ел ғана иелік жасайды! – депті. Шамшы Шілік  тағы  сұрайды:

«Отан» — деген  сөздің  мағанасын  айтыңыз, енді – дейді. Құрбан Ата Әулие:

«Отан» — деген  сөз  Жер Ананың  алғашқы  аты. Осыдан барып мынандай ұғымдар қалған: «Отаныңа  ие  бол!», «Отбасың  аман болсын!», Отан, Отыр, От, Отжақ, Оттегі, Отұрар, Отбасыр  деген. Себебі  отқа  жанатын, күйетін нәрселер тек осы жер бетінде – депті. Разы  болған  Данышпан Шамшы Шілік:

Енді  мына  жиылып отырған жамағатқа  не өсиет айтасыз?  – депті. Құрбан  Ата   басын көтеріп:

Ауыз — апан, сөз – Арыстан!  Бұл дүниеде  кім  артық?

Мың  батырдан, Бір әруақтың ізі  артық!

Мың  ғұлама, Би, Сұлтаннан,

Бір Тектінің  сөзі  артық!

18  мың  ғаламның  құдретінен,

Бір  Алланың  Нұры артық!

Қазақта  мынандай  мақал бар: «Жүз  пайғамбардан, бір  құдайдың  нұры артық!» — дегенде, Данышпан: — Бәрекелде! Бәрекелде! Құмбылмын! – деп, әулиенің  қолын қос алақанымен  қысыпты.

Құрбан Атаның өсиеттері.

Дүркін, дүркін  «Діл  ғұмыр»

Заһары  ащы  «Зіл  ғұмыр!»

Қазақты танымағандарды,

Қарғыс атсын «Зіл ғұмыр!»

Қарабураның  басына  «қара»  тұрмайды!

Қазақ  Қаһаннан  асып  «Дана» туылмайды!

Теңселмеші  ей  пенде!

Тоқсан Баулы Қоңыраттай  «Дара»  туылмайды!

Түсіндірме: Бұл өсиет жолдарын таратып айтсақ, Құрбан Ата әулиенің 5 мың жылдар бұрын ғұмыр кешкен Ұлы Бабаларымыз киелі Алаш Қаһанның ұлы Жұмыр Жердегі бар жамандықты жойған, өздерін: «құдаймыз» — деп астамсынған, сол дәуірлерде Ұлы Далаға билік жүргізген  Египет фараондары мен олардың одақтасы адам етін жеген тайпаларды Жер бетінен жойып, тазартқан, «Зор Қаһан» – деген атаққа адамзат баласында бір өзі ғана лайық болған Қазақ Қаһанды ұлықтап отырғанын  көреміз. Және әулие Атамыз Бүкіл ғаламның халықтарының алтыдан бір бөлігі осы Ұлы Бабаларымыздан, Атажұрт киелі Қазығұрттан шығып, тарағандарын ұмытып, астамсып  тегін, қайдан шыққанын білмей, Ділден, Тілден, Ұлы да Текті, бұлжытпай орындалуға тиісті өсиеттер мен рәсімдерден айырылып тексіз болып кеткен ұрпақтарының ғұмырларының түптің түбінде аянышты да, ащы да болатынын көріпкелдікпен айтқаны екен…

Сонда да болса, ендігі келер дәуірлерде Қазақ Елі мен оның халқымен санаспаған Елдердің ғұмырының ауыр болатынын, мемлекеттерінің түбі күйрейтінін де әулие Бабамыз осы жолдардың астарына сиғызып, ескертіп кетіпті. Шындығында одан бұрында, осылай деп Шыңғысхан да, Әмір Темір Көреген де  айтқан екен. «Қарабураның  басына  қара тұрмайды!»— дегені, бұл әулие Бабамыздың жатқан жерінде, Қазақ Елінде жамандық, арамдық, жауыздық, қанішерлік, аярлық, зорлық-зомбылық  сияқты жаман пейілді қара  нәрселер тұрмайды, ондай  жамандықты  жасағандардың  бақыты баянсыз, ғұмыры  ащы өкінішпен қор боп өтеді» — дегені екен. Ал адалдық  пен пәктікті, Ділді, Тілді, Дінді, бұлжытпай  орындалуға тиісті рәсімдер мен Ата – Баба салт-дәстүрлеріне  адалдықты сақтаған ұрпақтарының  бақыты баянды, шаңырағының биік, босағасының берік, шаңырағы мен мемлекетінің мәртебесі мен Туының одан да биік болып, Қазақ  халқының басына «Сәулет заманы», «Алтын Ғасыр»  дәуірі  келетінін де болжап кетіпті.

«Тоқсан Баулы Қоңыраттай «Дара» туылмайды!» — дегені, Қазақ Қаһанның Ұлы ұрпақтары: Қарабура әулиенің (Анасы Бибі Шүкір Үзданай Назилла), «Шыңғысханның (Құрныз Айхон – «Өлеун Сүйнық»), Жошы мен Шағатайдың (Гүлбаршын — Бөрте), Құбылай мен Құлағудың, Әмір Темір Көрегеннің, Ай Қарақ Керей Хан мен басқа да Ұлы Хандар мен азаматтардың Аналарының  Қоңыраттың  қыздары  екенін, енді  осындай  ұлыларды  әкелген Аналар   шыққан елде ғана Даралар, яғни әділеттілікті, адалдықты, шындықты ту қылып ұстаған текті азаматтар туылады!» —  дегені  екен.

*    *    *    *    *    *    *

Өлген  Ердің  құнын  сұрамаса,

Өскен  Елі  «тұл  жетім»!

Сөздің  құны  болмаса,

Жазған  харпің  «сір жетім»!

Әруақты  еске  алмаса,

Босағаңа  келген «Пір жетім»!

Ер  бойындағы  қасиетін,

Елі  қадірлей  білмесе

Қор болып туған  Тектім-ай,

Еңіреп  өтсе,  Ер  жетім!

Бағаламай кезінде,

Басына  келіп  жылайды

Не тілейді  Алладан,

Наданнан  туған көр жетім!

Асылдың ізі де «Нұр шуақ»,

«Төрт Құбыласын»  тең  басқан!

Өлді  дегенге  кім сенер?

Таң  сұлуындай күлімдеп,

Шақырып  тұрса  келбеті!

Түсіндірме:

Бағдат шаһарында білім алған Ырсымбетұлы Байғұт қария баласы Әлиасқар Байғұтұлын шақырып алып 1924 жылы 24 қаңтарда  дүниеден өтерінде: «Құрбан Ата  әулиенің айтқан киелі  өсиеті  еді, балам» — деп, осы жыр шумағын айтып ұлымен қоштасқан екен.

*    *    *    *    *    *    *

«Дәулім», «Зәулім», «Ілім»  бұл  дүние!

«Төртқұбылаңды»  сұраса,

Қазақтан басқа кім  ие?!

Қара  топырақ  жасырар,

Кімдерді  алмаған  сұм  дүние?!…

*    *    *    *    *    *    *

Жал  тұяққа  бағынбас

Ұлылардан  қалған  өсиет  бар

Бұзылмайтын қамалдай бір алынбас!

Тексізді,  тексіз  сағынбас.

Тектілердің  Ұраны,

«Бірін»  алда, «мыңын» бас!

Түсіндірме: «Дәулім» — сөзі ежелгі  Сақ  тілінен  қазіргі  тіл салтымызға аударғанда «жалпақ Жаһан» — деген  ұғымды  білдірсе, «Зәулім» — сөзі, осы жалпақ  Жаһан «Төрт Құбыланы» бағындырған алтын киімді, алтын сауытты Қазақтан  шыққан  Қаһандар мен Хандарын  айтқаны. Бүкіл Ғаламды алсаңда, қанша  асылды  жисаңда  сақтап қалмас бұл жалған, сұм  дүниеден  өтесің де, кетесің! Сондықтанда: «Артыңда  өнегелі ісің  мен ілім, өлмейтін  сөзің қалсын!» —  дегені  екен  Ұлы Бабаларымыздың.

«Бірін»  алда, «мыңын» бас! – дегені: «Еліңе  келген  басқыншы жаудың, оның  ішінде осы соғысқа  себепші  болған, жаттың  дүниесі  мен жеріне қызығып  жаулап алмақ болған  басшысының басын алда, қалғанын  мойындатып, тәубесіне келтіріп  кешірім бер!» — дегені екен. «Ұлы  Дала  мен  киелі  Қазығұртқа  бірінші  Иман  түскен, сонан  соң  Мекке, Мединеге  Құран түскен», және Ұлы Бабамыз Қазақ Қаһаннан киелі жерімізде «Мейірім  мен  Шапағат  қалған» —  деген Ұлы өсиеттер туралы айта келіп: «Жау болса да оларды қыра беру, қан  төгу  міндет емес, ең  бастысы жауыңды  мойындата біл! Жетім мен жесірді көбейткеннен ұтарың не?!!» — деген Ұлы Қазақ  Қаһан  өсиетін Қазақ  Тектілері Ұранға  айналдырған. Құрбан Ата әулие  осыны  меңзепті.

Әлиасқар Байғұтұлы (22.03.1898ж.–21.03.1981ж.) – Ұлы Сыпыра шежіреші. «Бестаңба», «Ізбөрі», «Ғасыр Табақ насияттары» кітабынан «Құсілім», «Қадым», «Ықылым» замандарынан қалған баға жетпес жәдігерлерді жеткізуші, басты бұлақ көзі.

Ақпантай Әлиасқарұлы (02.02.1962 ж. – 10.05.2009 ж.) – ерекше қабілет иесі, құйма құлақ, қазіргі заманғы «үн таспаның» қызметін атқарып, халқына мол жәдігерлерді, мұрахаттарды жеткізіп  кеткен «Екі дүниенің арасын жалғаушы «Дәнекер!»

Асан Тұрабаев – бұл ұлы мұраларды тұңғыш рет қағаз бетіне, үнтаспаға жазып алған тарих танымгері, өнертанушы.

Шежірені ғалам тарихымен салыстырып, жүйелеп, қалпына келтіріп халқымызға жеткізуші, түсіндірме жазып, ғаламторға, баспаға дайындаған Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,  Ілесбек Байжанов. Шымкент шаһары.

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *