Құрбан Атаның кейінгі ұрпақтары жайлы бірер сөз

Өлген Ердің құнын сұрамаса,
Өскен Елі «тұл жетім»!
Әруақты еске алмаса,
Босағаңа келген «Пір жетім»!
(Құрбан Ата Әулие)
Заманында атақты Сыр сүлейі Майлықожа ақын жырлаған «Орбұлақ» шайқасының қаһармандарының бірі, Салқам Жәңгір Ханның, одан кейін Есім Ханның дәуірінде Қазақ Хандығының қолбасшыларының бірі болған, «Айдарақ» шенді Жаманбай Батыр мен Құрбан Атаның ұрпақтары жайлы айтылған жырларда Киікші, Тіней, Жары, Сасық, Жартыбас, Көтен Аталардың Түркістан аймағын мекен еткен қалың ұрпақтары жайлы сөз болады. Әсіресе Ұлы ақын Бәйтелі мен Жәнтелі батырларды, Түркістан аймағын басқарған Елқонды Датқа жайлы да айтып өтіпті. Құрбан Атаның үлкен ұлы Киікші бабамыздан тараған, кейін жоңғар – қазақ майданының қаһарман қолбасшыларының бірі болған Желкілдек батырдың сүйегі Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесіне жерленіпті. Заманында Ел қорғаған қанды жорықтарда құрыш сауыт, ал салтанатты жиындарда, солтүстікке жайлауға шыққандағы тойларда «күміс сауыт» киетін құқы болған, атақты батыр аталған Тіней бабамыз Құрбан Атаның екінші ұрпағы болған. Кейбір аңыздарда қалмақтан жорықтан қайтып келе жатқан жолда Шаян өзені қатты тасып, астындағы «күлдібадам» сауытты (4 бұрышты жұқа құрыш қалқанды темірлер жиынтығынан тұрған ат сауыт — жабу) тұлпары да, өзі де ауыр қаруланған сауытты батыр суға кетіп қайтыс болады. Бұл дүниеден өткен қариялар батыр жерленген деген бірнеше жерді, Ұлытау мен Қаратаудағы бұлақ басын, Шаян өңірін және Арыс бойындағы «Көлтоған» – деген жерді айтып кетіпті. Алайда бүгіндері белгілі болғандай жаугершілік замандарда ел қорғаған батырлардың жаулары өлгенде сүйегін қорламасын деп, бабаларымыз олардың жатқан жерлерін құпия сақтап отырған. Қабанбай батырдың жеті мазараты болса, Бөгенбай батырдың да сонша жерде мазараты бар. Ал көптеген Ұлы Батырлардың жатқан жерлері мүлдем белгісіз. Бүгінгі күндері Тіней бабамыздың үш жерде мазараты табылып отыр. Сүйегінің қай жерде жатқанын анықтау болашақтың ісі. Ал, Жары бабамыздың мазараты Сырдария өзенің сол жақ жағалауындағы қазіргі Көксарай елді мекеніне жақын жердегі жоңғар – қазақ майданында қирап кеткен, тарихта ежелден аты қалған Көксарай қаласына жақын жердегі ескі қорымдардан табылды. Қарындасы Сарыны артынан іздеп барғанда қаза болған бұл бабамыз сол жерге жерленіпті. 2013 жылы ұрпақтары басына көктас қойып, үлкен Ас берді. Ал қалған бабалардың жатқан жерлері әзірге белгісіз…
Тінейдің ұлы Темір батыр Бұхара түбіндегі шайқаста қаза болып, топырағы сол жерден бұйырыпты.
Қоқан ханының озбырлық саясатына қарсы екінші көтерілісте 47 жасында қаза болып, сүйегі Әзірет Сұлтан кесенесіне қойылған аты шулы Елқонды Датқаның ұлы Ерімбет те 18 жыл ел басқарады. Ал сол дәуірдегі осы аймақтың қара қылды қақ жарған қаһарлы да, атақты биі Мырзабек Исабайұлы атақты Бекманұлы Маханнның атасы болған. Бидің туған інісі Момбек Исабайұлы өз заманында бүкіл оңтүстікке аты шыққан мыңғырған бай болып, Бөген – Темірлан өңірі халқын жұмыспен қамтамасыз етіп, алыс – жақын елдерге керуен жүргізіп, осы өңір халқына қамқор бола біліпті. Бұл азамат 1928 жылы кәмпескеге түсіп, совет үкіметі отбасы мен ағайындарын жер аударып жібереді. Кейін Сталин өлгеннен кейін, түрлі нәубеттерден аман қалған ұрпақтары елге қайтып оралып, қазір осы облыс пен республиканың түрлі аймақтарында тұрып жатыр.
Құрбан Атаның текті ұрпақтарының бірі, аты аңызға айналған, қазақтың күй өнерінде өзінің үлкен орны бар, талай академиктердің шығармаларына арқау болған атақты күйші Әлшекей Бектібайұлының (1848-1932 ж.ж.) аты тарихымызда алтын әріппен жазылып қалды. Мазараты жер ауып барған тәжік жерінде.
1905 жылы ежелгі «Жібек Жолы» бойымен «Орынбор – Ташкент темір жолы» Отырар – Қарақоңыр – Қостүйін арқылы Қабылға (Арысқа), кейін одан ары Ташкентке дейін салынып іске қосылып, пайдалануға беріледі. Темір жол тасымалының дамуы жаңа мамандар қажеттілігін туындатып, жергілікті тұрғындар да бұл жаңа жұмыс орындарына тартылып, өңірде өндіріс азда болса дами бастайды. Бұл жолдың Түркістан қаласы мен Қабыл (Арыс) елді мекенінің арасының тез арада қосылуына Орта Азиямен сауданы дамытуға мүдделі болған Ресейдің ірі көпестерінің ұсынысымен ат салысқан жергілікті азаматтардың бірі, Бұхарадағы медресе мен орыс тіліндегі гимназияны бітірген, заманында болыстық қызмет атқарып, Петербург пен Москвада сауда дүкендері болған Ресей көпестері қоғамының 2 гильдия дәрежелі мүшесі болған, ірі көпес Төле Байтерекұлының (1868 – 1914 ж.ж.) да («Оңтүстік Қазақстан» газеті. №109 (17 745) 29.07.2004 ж.) аты аталады. Бұл атамыз батпақты, кебір жерлер арқылы өтетін темір жол табанының астына төсейтін сексеуіл мен нар қамыстарды Сыр бойы мен Отырар өңіріндегі жергілікті тұрғындарды ұйымдастырып, дайындатып, оны жүздеген түйелермен жол құрылыстарына тасымалдауды да өзі қаржыландырады. Жергілікті тұрғындарды темір жол бойындағы бекеттер мен қажетті ғимараттар құрылысын салуға қатысуға және темір жол мамандығын игеруге шақырып оқу ақыларын үкіметтің есебінен төлеуді де ұйымдастырады.
Осы құрылысқа қатысқан жұмысшылар мен инженерлерге арнап көптеген дүкендер ашып, азық – түлік пен күнделікті тұрмысқа қажетті тауарларды Түркістанға дейін жеткен темір жол арқылы Ресейден әкелсе, кепкен жемістер мен басқа да тауарларды керуенмен Ташкент пен Самарқаннан, бау — бақша өнімдері мен ет өнімдерін жергілікті тұрғындардан сатып алуды ұйымдастырып Император үкіметі тарапынан күміс медаль мен арнайы сыйлықтармен марапатталады.
Биік шыңдардың биік тауларда ғана болатынындығы қандай заңдылық болатын болса, тұлға ретінде, азамат ретінде бұрыңғы өткен бабаларды үлгі тұтып, соларға қарап бой түзеп өскен алдыңғы буын ағаларымызды да айта кеткеніміз артық болмас. Олардың бірегейі, совет дәуірінің алғашқы жылдары қызмет атқарған, Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасының орынбасары Бекайдар Аралбаев, Сталиндік репрессия құрбандары: Ташкент Қазақстанның мәдениет пен өнер ошағының бірі болып тұрған кездегі «Қазинформның» директоры, кейін ОҚО «Облводхоздың» бастығы – Мәуленқұл Байзақов, Жамбыл облысында шаруашылық басшысы болған Қырбас Төлендиев, Москвадағы жоғарғы партия мектебін бітіріп Жамбыл облысында партия–совет қызметтерін атқарған Нұрлыбай Қожамқұлов, ОҚО Білім Басқармасы бастығының 1–ші орынбасары Сұлтанбек Төлендиев, Ащысай полиметалл комбинатының Бас инженері – Өрегендер Қуатбеков болған.
Қазақ Елі қазан төңкерісінен кейіңгі басынан өткізген аласапырандарда сонау Орта Азия елдеріне дейін қашып, тоз – тоз болып кеткен Сыр бойының тұрғындарын жер – жерден жинап ауызбіршілік – ынтымағын ұйыстырып, бірнеше ұжымшарлар құруға қол жеткізіп, өзі сол құрған ұжымшарлардың бірін 25 жыл басқарып, миллионер шаруашылыққа айналдырған, Ұлы Отан соғысы жылдары «Қазақстан танк колоннасын» жасау үшін өз еңбек ақысынан қомақты қаржы аударғаны үшін КСРО «Қорғаныс комитетінің» Бас қолбасшысы И.Сталиннің өзі қол қойған «Алғыс хатын» алып, жүздеген жастардың жоғарғы білім алуына қол жеткізген, жетім – жесірлерге пана болып «Елағасы» аталған Исатай Топышов ақсақалды да ілтипатпен еске аламыз.
Кезінде үлкен жемісті қызмет атқарып, өзінің әділдігімен, турашыл батырлығымен, шындықты бетке айтатын адалдығымен, еңбекқорлығымен, іскерлігімен замандастары арасында тірі кезінде – ақ аңызға айналған Махан Бекмановтың ғұмыры қиыншылық замандар мен ашаршылық, репрессия, соғыс нәубаттерімен тұспа – тұс келіпті. Партияның қылышынан қаны тамып тұрған кезде 35 мың адамдық совет сауда қызметін ұзақ жылдар бойы табысты басқару кез – келген пенденің маңдайына жазыла бермейтін құбылыс. Кезінде наубайхананы да, аудандық тұтынушылар одағын, одан кейін үлкен Шымкент облыстық тұтынушылар одағын басқарғанда да, Одақтық «Центросоюз» бен халықаралық сауда ұйымдарына да мүше болып биік деңгейден көріне біліпті. Облыс аудандары мен мен ауыл селоларында магазиндер жүйесі мен тамақтандыру саласы ғимараттарын, жеміс – жидек пен көкөніс, ет өнімдерін өңдейтін зауыттар мен фабрикалар, ресторандар салдырып, еңбек көрсеткіштері де өте биік деңгейде дамып өркендейді. Бүкіл одақ елдеріне аты шыққан Махан Бекманов ағамыздың облыс халқын азық – түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз ету жолындағы атқарған орасан еңбектері мен оның қиындықта жол таба білетін іскерлігін, халықаралық кооперацияны дамытудағы қайраткерлігі мен біліктілігін замандастары мен әріптестері осы күнге дейін жыр ғып айтады.
Көп жылдар Қырғызстанда, кейін Қазақстанда партия–совет қызметтерін атқарған Әмзебек Сейтбеков, Қарағанды облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, көптеген жылдар бойы Түлкібас аудандық партия комитетінің 2 хатшысы, Шәуілдір, Келес аудандары партия комитеттерінің 1–хатшысы қызметтерін атқарып, зейнетке шыққасын Шымкент кооператив техникумының директоры болған Оразалы Сейдалин, 1920 жылдары Түркістан ауданы комсомол жастары одағының 1 хатшысы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, шаруашылықтар мен мекеме басшысы болған Сапар Малдыбеков, 1938–1940 жылдары ОҚО обкомпартиясының ауыл шаруашылық бөлімінің бастығы Тілеуберген Молдабеков, көп жылдар бойы облыстық оқу – ағарту саласында жемісті еңбек еткен Өмірәлі Нысанбаев, Бөген ауданындағы «Жалғызағаш» колхозын ұзақ жылдар басқарған Айдархан Бекбосынов, екі рет колхоз төрағасы болған Сихымдар Ембергеновтер болыпты. Арыс аудандық партия комитетінде жауапты қызмет атқарып, одан кейін «Жалғызағаш, «Карл Маркс» (қазіргі «Қараспан» ауыл округі) колхоздарының төрағасы, «Молотов» (бұрыңғы «Найман» ауылы) совхозының директоры боп қызмет атқарған Ахмет Қалдарбеков, Партия – совет қызметкері, бірнеше мемлекеттік марапаттар иегері, 21 жасында Келес аудандық комсомол комитетінің 1 хатшысы боп сайланған, одан кейін Мақтаарал аудандық комсомол комитетінде, Шорнақ аудандық комитетінде 1 хатшы боп жұмыс істеген, Келес аудандық партия комитетінде ұйымдастыру бөліміне басшылық жасап жүргенде жас маман, оқытушы, мектептің комсомол ұйымының жетекшісі Өзбекәлі Жәнібековтің қабілеті мен қарымын, тума талантын танып, оны партия мүшелігіне қабылдап, үлкен саясатқа жолдама берген ұстазы, өз заманында кадр таңдаудың шебері аталған, кейін Қызылорда облысында да жемісті қызметтер атқарған Айтбай Орынбаев ағамыз да тектіліктің үлгісін көрсетіп, ғұмыр кешіпті.
Құрбан Атадан тарап, совет дәуірінде қызмет еткен, еліне елеулі, халқына қалаулы болған, кейінгі келер ұрпақтардың соларға еліктеп бой түзеуіне үлкен әсері болар деп, тағы бір үлкен жұлдызды шоғырын атап өтейік. Оларды атап айтсақ: «Қазақ халқы мен мемлекеттік идеологиясының Сардары» аталған Торғай облысы обкомының хатшысы, Алматы облысы атқару комитетінің төрағасының орынбасары, Қазақ ССР–і Мәдениет министрінің орынбасары, министрі, Қазақстан компартиясының ОК Бюро мүшесі, идеология жөніндегі хатшысы, тарихшы, этнограф, ғалым Өзбекәлі Жәнібеков, Қазақстан компартиясының 1-хатшысы, КПСС ОК Саяси бюросының мүшесі Д.А.Қонаевтың кеңесшісі, әрі Қазақ ССР–і «Білім қоғамының» төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбді Тұрсынбаев, Қазақ ССР-і Ғылым Академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, қазақтың ауыз әдебиеті мен айтыс өнерін насихаттаушы, әдебиетші-ғалым Көбей Сейдеханов, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда аймақтық мал-дәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының директоры, ғалым Әбсаттар Байдалиев, ірі партия–совет қызметкерлері, ҰОС ардагерлері Аман Бейімбетов, Рысқұл Бейімбетов, Қазақ ССР–і Кәсіподақтар Кеңесінің төрағасы Садықбек Сапарбеков, Созақ, Сайрам, Шәуілдір, Келес, Қазығұрт, Жетісай аудандық партия комитеттерінің 1 хатшысы болған Сыпақұл Малдыбеков, Шәуілдір, Жетісай, Шардара аудандарының Қаржы саласына, Шардара аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары және партия – совет қызметтерін атқарып, осы үш ауданның «Құрметті азаматы» атағын иеленген Шерехан Бекшораев, Бөген аудандық партия комитетінің хатшысы, аудан прокуроры болған Әліпбек Байботаев, «Арыс – Түркістан» каналының құрылыс тресінің партком хатшысы, Шардара аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің бастығы Райым Төлеев, КСРО — ның Бүкілодақтық фармацевтика Басқармасына қарасты «Дермене» совхозының директоры Сихым Жиренбаев, «Жетісайсельстрой» тресінің ПМК бастығы, Ұлы Отан соғысының ардагері Байман Әлімжанов, «Ақ алтын» мақта совхозының директоры болған Қасым Қозыбағаровтармен қатар ғұмыр кешіп, ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, КСРО — ның Социалистік Еңбек Ері атағын алып, «Алтын жұлдыз» және Ленин орденімен марапатталған шопан Орынбай Бидашовтардың еңбектері мен есімдері кейінгі ұрпаққа үлгі боп қала береді.
Ұлы Отан соғысында сан рет ерліктер көрсетіп, бейбіт кезеңде халық ағарту саласына басшылықтар жасап, бар ғұмырларын жас ұрпақ тәрбиесіне арнап, алды 62 жыл, соңы 45 жылдан аса еңбек етіп, мыңдаған шәкірттерін қанат қаққызып ұшырған ардақты ұстаздар Қазымбет Дәрімбайұлы (Қазымбет мұғалім аталған), Тайкелтір Мыңбаев, Сейіт Төлепов, Башар Айтымбетов, Сабыр Пірімқұлов, Әлеш Жұматаев сияқты ардагерлерді де ұмытпауымыз керек.
Совет өкіметі кезінде Қазақ ССР інің денсаулық сақтау министрлігінің Бас хирургі, министрі, зейнетке шыққасын Сызғанов атындағы медициналық орталықтың директоры, ғұмырында отыз мыңға жуық ота жасап, осыншама адамды ажалдан арашалап қалған, Қазақстан азаматтарының ішінен тұңғыш шыққан «Әлем азаматы» атағының иегері, АҚШ – тың бірнеше қалаларының және Алматы қаласы мен Отырар ауданының «Құрметті азаматы» болған, Халық Қаһарманы, медицина ғылымының докторы, профессор, ҚР Медицина ғылымдарының академигі, марқұм Мұхтар Әлиевтің Қазақстан тарихында алатын орны ерекше.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, филиология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Өмірзақ Айтбаев, ғалым, профессор, Қазақтың эпос жырларын зерттеуші, ардагер ұстаз Әмір Мұсақұлов, ҚазМУ, Қазақ политехникалық университеттерінің кафедра меңгерушісі, физика – математика ғылымдарының докторы, профессор Сейткерім Бимырзаев, Қазақстанның грек – рим күресінен бірнеше дүркін чемпионы, «КСРО спорт шебері», ҚР Парламенті Мәжілісінің және ОҚ облысы мәслихатының бірнеше дүркін депутаты, ОҚМПИ дің (ОҚ мемлекеттік педагогикалық институты) ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР педагогика ғылымдарының академигі Оңалбай Аяшов, ОҚМПИ қашықтықтан оқыту орталығының басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ілесхан Сманов, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Құрбан Ата» кітабының авторы Әкімқұлов Еркімбай, КСРО жоғарғы партия мектебін үздік бітіріп, Өзбек ССР — нің Жызақ облыстық партия комитетінінің әкімшілік бөлімінің басшысы, Пахтакор аудандық атқару комитетінің төрағасы, аудандық партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарған, Қазақстанның бірқатар аудандарының қаржы саласын көп жыл бойы басқарып Республикалық дәрежедегі зейнеткерлікке шыққан Ілияс Бекетов, Мақтарал ауданында бірнеше ірі шаруашылықтарды басқарған, аудандық ауылшаруашылық басшылық қызметін көп жылдар атқарған, мақтарал ауданының құрметті азаматы Зайырбек Ахметов, КСРО мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақ радиосының редакторлығынан Қазақ радиосының «Алтын қор» бірлестігінің жетекшілігіне дейін жауапты қызметтер атқарған, КСРО телевизиясы мен радиосының үздігі және ардагері, Қазақстан Журналистер сыйлығының және мерейтойлық Абай сыйлығының лауреаты Кемелбек Шаматай, Түркістан, Мақтарал мақта зауыттарының директоры, ОҚО «Қазмақтатресінің» Бас директоры, Жамбыл жүнді алғаш өңдеу (ПОШ) фабрикасының Бас директоры қызметтерін атқарған Ержігітов Жұман, КСРО Су Шаруашылығы Министрлігіне қарасты «Шусовхозводстрой», Главриссовхозстрой» трестерінің меңгерушісі болған, «Жамбылводстрой» АҚ вице–президенті, «КСМ» ЖАҚ президенті, КСРО мен Қазақстанның құрметті құрылысшысы, Шу ауданының «Құрметті азаматы» Ғазиз Қожақметов, көрнекті ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Медицина және педагогика ғылымдары академиясының академигі, Нью Йорк ғылым академиясының академигі, көп жылдар бойы Қазақ медициналық академиясының ректоры боп жемісті қызмет атқарып, Қазақстанның медицина саласын білікті мамандармен қамтамасыз етуге ат салысқан, қазір өркениетті елдерде өзекті мәселеге айналған радиациялық ахуалды зерттейтін «Радиобиология және радиациялық қорғау» институтының директоры боп қызмет атқарып жүрген Полат Қазымбет, КСРО қорғаныс кешеніне қарасты Жамбыл машина жасау зауытының Бас директоры Әкімбеков Бөлегендердің ерен еңбектері кейіңгі ұрпақтарына барлық уақытта үлгі болып қала береді.
ҚР Сыртқы сауда министрінің орынбасары, әрі осы министрлікке қарасты «Казахинторг» сауда бірлестігінің Бас директоры қызметтерін қатар алып жүрген, кейін ҚР «Банкнот» фабрикасының коммерциялық директоры, ҚР СІ министрінің Малайзиядағы, Таиланд және Сингапур, Австрия, Словакиядағы сенімді өкілі қызметтерін атқарған, сенатор Сәкен Сейдуалы, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің 12 шақырылымының депутаты, 1991 жылдың 16 Желтоқсанында Қазақстан Елінің Тәуелсіздігін жариялаған азаматтардың бірі, ҚР Стандартизация мен метрология комитетінің төрағасы, «ҚазМұнайГаз», «Самұрық — Қазына» компанияларында жауапты қызмет атқарған жылдары Парламент депуттарымен бірге Қазақстан мемлекетінің мүддесін қорғайтын заңдардың қабылдануына, отандық тауарлардың ғаламдық стандарттарға сай шығуына, бәсекелестікке лайық болуға қол жеткізетін стандарттарды кіргізуге, шетелдіктерге өтіп кеткен стратегиялық кәсіпорындардың үлесін мемлекетке қайтаруға мұрындық болған, қазір ҚР мұнай – химия саласы кәсіподақтарының төрағасы боп қызмет атқарып жүрген отаншыл азамат Керім Пірімқұловты, ҚазССР — інің, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің жанындағы Шымкент қалалық, одан кейін ОҚ облыстық БРБ (КРУ) бастығы қызметтерін атқарған, үлгілі ізгі адамгершілік парасатымен әріптестері мен замандастарының есінде қалған Арыстан Кенжетаевты, және сауда саласы мен тамақтандыру жүйелерінде түрлі басшылықтар жасаған Уәлихан Әлзақов, Әзімхан Үсенов, Омар Жусанбаев, Еділбай Қожабергенов, Нұрмахан Сейдуалиевтер сияқты елге белгілі, беделді азаматтарды да айта кету де артық болмас.
Қазақстанның Жамбыл, Шымкент, Қызылорда аймағын электрлендіруге үлкен үлесін қосқан, Бүкілодақтық «Сельэнергопроект» кешенді ғылыми — зерттеу инститының Оңтүстік бөлімшесінің директоры болған Ергешбай Әйтімбетов пен «Шардарастрой» Басқармасының Бас механигі, «ПМК» бастығы, көп жылдар бойы совхоздарда партия – совет қызметтері мен Шардара кәсіптік техникалық оқу орнының директоры қызметтерін атқарған, «Бүкілодақтық кәсіптік техникалық білім беру саласының үздігі», Шардара ауданының «Құрметті азаматы», ҚР Жазушылар Одағының, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Әзімхан Ыбырайұлының, Қарағанды қаласының жүк тасымалдау автокәсіпорнының, кейін «Теңіз» автокәсіпорнының директоры, ОҚО транспорт инспекциясының Бас директоры қызметтерін атқарған Амангелді Мекенбаевтың, экономика ғылымдарының кандидаты, зоотехник, жоғарғы оқу орындарында ұстаздық қызметтер атқарып, Қазақстанның тәуелсіздігі жолында Азат Азаматтық қозғалысының құрамында белсенді күрескерлік танытқан Анарбай Әлзаховтың, Оңтүстік өңіріне белгілі шаруашылық басшысы, көптеген совхоздардың директоры боп қызмет атқарған, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» Қайып Басқожаевтардың еңбектері де ұшан теңіз.
Сыр еліндегі азаматтардың ішіндегі бірегейі Амангелді Жұматаев Қызылорда облыстық мәдениет басқармасын басқарып тұрғанда Өзбекәлі Жәнібеков ағасы сияқты халқымыздың рухани мәдениеті мен өнерін көтеруге ат салысты. Ол кісінің ұйытқылы бастамасымен өз замандарында Сыр елінің жыр еліне айналуында ойып алатын орындары бар, атақты Әбілқасым Фирдаусидің шығармасы, ғаламдық жәдігерге айналған «Шахнаманы» тұңғыш рет қазақ тіліне аударған Тұрмағамбет Ізтілеуовтің, Нартай Бекежановтың, Шораяқтың Омарұлы сияқты дүлділдердің шығармалары насихатталды. Осы азаматтың қолдауымен облыстан қаншама өзіндік дәстүрлері мен мақамдары бар тамаша ақындар мен жыраулар, термешілер өсіп шықты. Қазір облыста ақындардың бірнеше мектептері қалыптасқан. Елге белгілі әншілер мен күйшілер қанат қағып, олар қазір киелі Ұлы Даланың өнер аспанында қалықтауда. Осы азаматтың арқасында қаншама мәдени мұралар мен орта ғасырлық сәулет өнерінің ғажайып туындылары табылып, мемлекеттік тіркеуге алынды…
Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Республикасының халық артисі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты, халықаралық конкурс-тардың жеңімпазы, профессор Төлепберген Әбдірашов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, атақты композитор, кәсіпқой дирижер Сейдулла Бәйтереков пен «Гүлдер» мен «Дос Мұқасан» ансамбльдерінің мүшесі Ақжол Мейірбековтер қазақ өнерінде, оның ішінде Қазақ эстрадасының жұлдыздары аталып, өздерінің аттарын мәдениет пен өнер саласында, оның ішінде музыка тарихында өшпестей етіп, алтын әріппен жазып қалдырды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қызылорда облысының Құрметті қайраткері, Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы, Хорасан Ата және Жалаңтөс Бахадүр атындағы республикалық ақындар мүшайраларының Бас жүлдегері, 19 кітап пен жүздеген республикалық деңгейдегі өзекті мәселелерді көтерген мақалалардың авторы Адырбек Сопыбеков пен Жаңақорған аудандық ауруханасының бас дәрігері, өте білікті де жоғарғы санаттағы дәрігерлік қызметтер атқарып, «КСРО медицина ісінің үздігі» атанған, өзінің асқан зиялылығымен замандастарына да, қазіргі жас дәрігерлерге де үлгі болып жүрген, Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы», еңбек ардагері Қалаш (Халила) Басхожаевтар, және халық ағарту саласының майталманы, Жаңақорған ауданының оқу бөлімін ұзақ жылдар басқарып, «КСРО білім беру саласының үздігі» атағын алған, Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» Зинабдин Шермағамбетовтер өзіндік биік тұлғасымен елдік, ұлттық деңгейге көтерілген ақсақалдар дәрежесіне жеткен азаматтар боп ел есінде барлық уақытта қала береді.
«Құрбан Ата» қорының алғашқы ұйымдастырушыларының бірі, қордың тұңғыш төрағасы, Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының кафедра меңгерушісі, доцент, биология ғылымдарының кандидаты, марқұм Дүйсен Майсаров пен Қазақ телевидениесінің жүргізушісі болған, жалынды ақын, композитор, Қазақстан Жазушылар Одағының, Қазақстан Журналистер Одағының құрметті мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Жетісай ауданының «Құрметті азаматы», Жетісай қазақ драма театрының директоры 57 жасында осыдан 15 жыл бұрын марқұм боп кеткен атақты Әлібек Мейірбековтер де есімізде.
«Совет милициясының үздігі», Қызылорда облыстық ІІБ Басқарма бастығы, Қаржы полициясының облыстық Басқармасының бірінші орынбасары, Тергеу комитетінде басшылық қызметтер атқарған полковник Әмірхан Байжанов, «Совет милициясының үздігі», Қаржы полициясының Қызылорда облыстық аймақ — аралық басқармасының бастығы, полковник Еркін Мұсаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің 4 – ші шақырылымының депутаты, қазір ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Охотзоопром» мемлекеттік кәсіпорнының Бас директоры, ҚР аң және орман шаруашылығының Бас инспекторы Ерзат Әлзақовтардың да еңбектерін елі ұмытпайды.
Атақты академик, халқымыздың біртуар ұлдарының бірі Бейсенбай Кенжебаевтың шәкірті, филиология ғылымының докторы, академик, жазушы, Қожа Ахмет Яссауй атындағы халықаралық қазақ — түрік университетінің вице – президенті Құлбек Ергөбек, Қазақ сатирасының сайгезі атанған, жазушы, 100 жылдық тарихы бар саяси – сатиралық «Ара» журналынан бастап көптеген мерзімді басылымдардың редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының және Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, бірнеше аудандар мен Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы» Көпен Әмірбектердің аттары бүгіндері бүкіл Алаш жұртына белгілі.
Совет үкіметі кезінде автобаза директоры, тәуелсіздік жылдары «Жолаушы» автокәсіп-орнының Бас директоры, облыстық мәслихаттың бірнеше дүркін депутаты, әлеуметтік жағынан көмекке мұқтаж жандардың қамқоршысы атанған, Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы», меценат Рахым Тәңірбергенов, бұрыңғы Түркістан «Желдормаш» зауытының бас инженері боп қызмет атқарған, қазір «Яссы» корпорациясының президенті, Республикалық «Құрбан Ата» қорының бұрыңғы төрағасы, облыстық мәсихаттың бірнеше дүркін депутаты Үмбет Жүсіпбаев, ұзақ жылдар бойы Жетісай ауданының 20 Партсъезд колхозының төрағасы, Қараөзек совхозының партком хатшысы, аудандық Ауыл шарушылы Басқармасының Бас зоотехнигі, Басқарма басшысы, Қазыбек Би ауыл округінің әкімі қызметтерін атқарған Аңсархан Айдарбеков, Түркістан этно-педагокикалық колледжінің директоры, үлгілі ұстаз Айғаным (Ақбол) Серімқызы, Отырар ауданы «Балтакөл» орта мектебінің директоры, аудандық оқу бөлімінің бастығы, Отырар ауданы әкімінің бірінші орынбасары, Түркістан аудандық оқу бөлімінің бастығы боп тұрғанда дүниеден озған зиялы азамат Жақсыбек Асылбеков, Құрылыс саласында жемісті еңбек етіп аурухана мен бірнеше фельдшерлік-акушерлік пункт нысандарымен қатар 12 орта мектеп нысаны мен жүздеген әлеуметтік құрылыстарды жүргізіп ҚР Президентінің «Алғыс хатымен», «Алтын сапа» белгісімен қатар, қарпайым халықтың да алғысын арқалап жүрген Мақтарал аудандық мәслихатының депутаты, меценат Мұрат Бәйтелиев, Шымкент қалалық, облыстық, комсомол – партия ұйымдарындағы атқарған жауапты қызметтерінен соң Оңтүстік Қазақстан облыстық «Казсельхозтехниканың» бастығы, Жамбыл қант зауытының директоры, Ордабасы, Түркістан, Сайрам аудандары мен Шымкент қаласының әкімі боп қызмет атқарған, қазір кәсіпкер Өмірзақ Әмет, жазушы, шежіреші, тарих ғылымының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын Қаныбек Әбдуов, Қызылорда облысының және Байқоңыр кеден департаменттерін басқарған, қазір ірі бизнесмен — меценат Қайрат Боранбаев сияқты азаматтарды да айта кету парыз.
Сөз соңы, немесе эпилог орнына:
Әңгімемізге арқау болып отырған жоғарыда атап өткен аталарымыз бен ағаларымыз өз замандарында еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтар болған. Олар өз жеке мүддесін ғана ойлап, атақ пен мансап, дүние қуған жоқ. Осы елімізге болсын, Отанымыз көркейіп, халқымыздың әл ауқаттары жақсарсын деп, қандай қиын — қыстау кезеңдерде де уақытпен санаспай еңбек етті. Олар да Ұлы бабасы Құрбан Ата секілді нағыз отаншыл, мемлекетшіл болды. Осы мақаланы жазғандағы мақсат, аға буын өкілдерімен қатар бүгінгі күндері жанымызды жүрген замандастарымыздың да атқарған ерен еңбектері мен үлгілі істері кейінгі жастарға үлгі болсын деген ізгі ниеттен туындаған еді, ағайын. Аттары аталмай, ұмыт қалған азаматтар мен азаматшалар болса, оны алдағы күндері ескерерміз деген ойдамыз. Алла Жар болсын, халқымызға! Бәріңізге де зор денсаулық тілеп, амандықта қауышайық дегім келеді!

Ілесбек Байжанов. ОҚО «Ақиқат – 1» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

2 комментария

  1. Авторға!
    Бірнеше елге белгілі азаматтарымыз ұмыт қалған сияқты. Алдағы уақытта ескеріп, толықтырсаңыз дұрыс болар еді. Мысалы Социалистік Еңбек Ері Дәрібаев деген азамат!

  2. Ескерткеніңізге рахмет. Ия жиырмадан астам тұлғалар қалып қойыпты. Жер — жерден ол кісілер жайлы деректер жинап жатырмын. Ол кісілерді білетін біраз азаматтарға өтініш жасағанмын. Бірақ әлі де уәде, уәде күйінде қалып тұр. Және ол азаматтар туралы қосымша жазамыз ба, әлде осы мақалаға кіргізіп жібереміз бе, оны ақылдасамыз.

Добавить комментарий для Жаксылык Отменить ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *